Глоссарий

А

Айналым қаражаттары – өнім өндіру мен өткізудің жоспарлы және үздіксіз үдерісін қамтамасыз ететін өндірістік айналым қорлары мен айналыс қорларын құру үшін бірлестіктерге, кәсіпорындарға, ұйымдарға авансыланған ақшалай қаражаттың жиынтығы.

 Акционерлік қоғам – жарғылық қоры акционерлердің арасында таратылған акциялардың белгілі бір санына бөлінген заңды тұлға, акциялардың саны олардың табыстан өзінің үлесін (дивидендтер) алу құқығын куәландырады.

Акция – акционерлік қоғам шығаратын және акционерлік қоғамды басқаруға қатысуға, ол бойынша дивиденд және акционерлік капиталына қатысатын және иеленушісіне қоғам таратылған жағдайда оның мүлкіне құқықтарды куәландыратын бағалы қағаз. Акциялар тек атаулы эмиссиялық бағалы қағаздар ретінде шығарылады.

Амортизация – негізгі қорлардың құнын олардың көмегімен өндірілетін тауарлар мен көрсетілетін қызметтер есебінен біртіндеп толтыру.

 Амортизациялық аударым – негізгі құрал-жабдықтардың тозығын толтыру үшін, яғни оны ұдайы жаңғырту үшін осы құрал-жабдықтар құнының бір бөлігін аудару.

Аралық кезең – бұл ұзақтығы толық қаржы жылынан қысқа қаржылық есеп беру кезеңі. Аралық қаржы есептілігі – аралық кезеңдегі не қаржы есептілігінің толық жиынтығынан тұратын қаржы есептілігі.

 Амортизацияланатын құн – актив сатып алуға шыққан нақты шығындар немесе өзіндік құн шегеріліп, қаржы есептілігінде нақты шығындардың орнына көрсетілген басқа өлшем.

Активтің салық базасы – ұйым активтің баланстық құнын өтегеннен кейін алатын кез-келген салық салынатын экономикалық пайдадан салық салу мақсатында есептелетін сома.

Акцияға келетін базалық пайда (ПБА) – бұл қаржылық талдауда кеңінен қолданылатын көрсеткіштердің бірі.

Ақша баптары – қолда бар валюта бірліктері, активтер және валюта бірлігін нақты немесе белгіленетін сомаларда алу немесе төлеу жөніндегі міндеттемелер.

Ақшалай төлемдердің ағыны – белгілі бір кезең ішінде ақшалай түсімдердің (төлемдердің) кезектілігі(кәсіпорынның кіріс және шығыстар сериясы, тұрақты және тұрақты емес салымдар, әр түрлі қорларды құру және т.с.с.). 

Ә

Әділ құн – жақсы хабардар, осындай мәмілені жасауды қалаған және бір-бірінен тәуелсіз тараптардың арасында мәміле жасағанда активке ауыстыруға болатын немесе міндеттемені реттеуге болатын сома.

 Б

 Бақылау – ұйым қызметінен пайда алу мақсатында оның қаржылық және операциялық саясатын басқару қабілеті.

 Бизнес – бұл инвесторларды табыспен қамтамасыз ету немесе қатысушыларды олардың бизнестегі үлесіне сәйкес азайтылған шығындар немесе басқа да экономикалық пайда түріндегі табыспен қамтамасыз ету мақсатында жүргізілетін және басқарылатын операциялар және активтердің кешені.

Бизнесті біріктіру – бұл нәтижесіндебір ұйым басқа ұйыммен бірігетін, немесе басқа ұйымның таза активтері және операцияларын бақылауға ие болатын жекелеген ұйымдардың бір экономикалық ұйымға бірігуі болып табылады.

Бірлесе бақыланатын операциялар – бірлескен қызмет қатысушыларынан бөлек заңды тұлға немесе құрылымды құруды емес, тек қана олардың активтері мен басқа да ресурстарын қолдануды көздейді.

Бірлесе бақыланатын ұйымдар (ББҰ) – әрбір қатысушының капиталда өз үлесі бар, жеке заңды тұлға (корпорация, шаруашылық серіктестік және т.с.с) құрылатын, бірлескен қызмет түрі. Бірлескен кәсіпорын – әрқайсысы техникалық жағынан күрделі өнімнің (кеме, ұшақ және т.б.) белгілі бір тораптарын, агрегаттарының өндірісіне маманданған, бірнеше ұйымдардың экономикалық мүдделерінің бірігуі.

 В

Валюта айырбастаудың нарықтық бағамы – Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін қор биржасының негізгі сессия- сында қалыптасқан және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік саласындағы қызметті реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органмен бірлесіп белгілейтін тәртіппен айқындалған теңгенің шетел валютасына орташа өлшемді биржалық бағамы, сондайақ теңгенің Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін қор биржасында сауда-саттық жүргізілмейтін шетел валютасына бағамы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бухгалтерлік есеп және қаржылық   4  есептілік саласындағы қызметті реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органмен бірлесіп белгілейтін тәртіппен кросс-бағамдар пайдаланыла отырып есептеледі.

Г

Географиялық сараланым – бұл басқа экономикалық жағдайларда iсәрекет ететiн құрамдас элементтердің тәуекелдерi мен пайдаларынан өзгеше тәуекелдерге ұшырайтын және пайдалар алатын нақты экономикалық ортада өнім өндiрумен немесе қызмет көрсетумен айналысатын компанияның айрықша құрамдас элементі.

Д

Дивидендтер – бұл: акциялар, оның ішінде депозитарлық қолхаттардың базалық активтері болып табылатын акциялар бойынша төленуге жататын табыс; қордың басқарушы компаниясы пайларды сатып алған кезде олар бойынша табысты қоспағанда, пайлық инвестициялық қордың пайлары бойынша төленуге жататын табыс; заңды тұлға өз құрылтайшылары, қатысушылары арасында бөлетін таза табыстың бір бөлігі түріндегі табыс; заңды тұлғаны тарату кезінде немесе құрылтайшылар, қатысушылар салымдарының мөлшерiн пропорционалды түрде азайту арқылы не құрылтайшылардың, қатысушылардың үлестерiн толық немесе iшiнара өтеу арқылы жарғылық капиталды азайту кезiнде, сондай-ақ заңды тұлғаға қатысу үлесін немесе оның бөлігін құрылтайшыға, қатысушыға қайтару кезінде мүлікті бөлуден түсетін табыс; исламдық қатысу сертификаттары бойынша төленуге жататын табыс; акционер, қатысушы, құрылтайшы неме- се олардың өзара байланысты тарапы заңды тұлғадан: тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің нарықтық бағасы мен осындай тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің ак- ционерге, қатысушыға, құрылтайшыға немесе олардың өзара байланысты тарапына өткізілген баға арасындағы оң айырма; тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің нарықтық бағасы мен осындай тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің акционерден, қатысушыдан, құрылтайшыдан немесе олардың өзара байланысты тарапынан сатып алынған баға арасындағы теріс айырма; заңды тұлғаның кәсіпкерлік қызметіне байланысты емес, оның акционерінде, қатысушысында, құрылтайшысында немесе олардың өзара байла- нысты тарапында үшінші тұлға алдында туындайтын шығыстардың немесе міндеттемелердің заңды тұлғаға акционері, құрылтайшысы,  Глоссарий  қатысушысы немесе олардың өзара байланысты тарапы өтемей, заңды тұлға өтейтін құны; заңды тұлға өзінің акционеріне, қатысушысына, құрылтайшысына немесе олардың өзара байланысты тарапына бе- ретін кез келген мүлік пен материалдық пайда түрінде алатын табыс. Дивидендтер, сыйақылар, ұтыстар түріндегі табыс − салық агенті дивидендтер, сыйақылар, ұтыстар түрінде төлейтін, түзетулер ескеріле отырып, төлем көзінен салық салынатын, дивидендтер, сыйақылар, ұтыстар түріндегі табыстар.

Е

 Есепті күннен кейінгі оқиғалар – бұл есепті күн мен қаржы есептілігін шығаруға бекіту күні арасындағы кезеңде болатын қолайлы, сондайақ қолайсыз оқиғалар.

Есептi сараланым – бұл жоғарыда келтiрiлген анықтамалардың негiзiнде айқындалған шаруашылық немесе географиялық сараланым, ол үшін, осы Стандартқа сәйкес, сараланымдық ақпарат ұсыну талап етiледі.

Елеулі ықпал – инвестиция алушының қаржылық және операциялық қызметі бойынша шешімдер қабылдауға қатысу мүмкіндігі, бірақ осындай саясатты жеке өзі немесе бірлесіп бақылауы емес. Еншілес ұйым – басқа ұйымның бақылауындағы ұйым.

 Есеп саясаты – бұл қаржы есептілігін дайындау жəне ұсыну үшін компаниямен әзірленген айрықша қағидалар, ережелер, негіздер мен әдістер.

 Есептік пайда – кезең ішіндегі пайда немесе шығын, оның ішінде салық шегерілгенге дейін немесе шығынмен байланысты есептелген салықтың азаю сомасын қосқанға дейін (тұрақты айырмашылықтарды қоспағанда, табыстар сомасы минус есепті кезеңдегі шығыстар сомасы) пайда мен залал туралы есептілікте көрініс тапқан тоқтатылған қызмет.

 Ж

Жай акция – үлестік құралдардың барлық басқа сыныптарына қарағанда төменірек статусқа ие үлестік құрал

Жалдау – жалға беруші жалға алушыларға жалдау ақысына немесе төлемдер тобының орнына келісілген уақыт ішінде активтерді пайдалану құқығын беретін шарт.

Жалпы салықтар – бір қазынаға түсетін және жалпы бір мақсатқа жұмсалатын салықтар. 

  Жалпы табыс – кәсіпорынның, заңды тұлғаның өнім, тауарлар өндіру мен сату, қызметтер көрсету нәтижесінде алынған, ақшалай есептелген жиынтық табысы; тауарларды сатудан түскен түсім – ақша түсімі мен оларды өндіруге жұмсалған материалдық шығын арасындағы айырма ретінде айқындалады.

Жарғылық капитал – мөлшері жарғыда көрсетілген және корпорация акцияларды сату нәтижесінде алған қаражаттан құралатын капитал.

Жарғылық капиталға салымның құны – заңды тұлғаның құрылтай құжаттарында көрсетілген, бірақ іс жүзінде енгізілген салым мөлшерінен аспайтын құн.

Жылдық жиынтық табыс – салық төлеушінің салық кезеңі ішінде Қазақстан Республикасы және одан тыс жерлерден алынған табыстарының жиынтығы.

З

Залал − жылдық жиынтық табысты түзетулер ескеріле отырып, шегерімдердің жылдық жиынтық табыстан асып түсуі; кәсіпорынды мүліктік кешен ретінде сатудан шегетін залал.

Залалдарды ауыстыру − кәсіпкерлік қызметтен шегетін залалдар, сондай-ақ І топтың тіркелген активтерінің шығып қалуынан шеккен залалдар осы салық кезеңдерінің салық салынатын табысы есебінен өтеу үшін кейінгі он жылды қоса алғандағы кезеңге ауыстырылады.

Заңды тұлға – Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттiң заңдарына сәйкес құрылған ұйым (шетелдiк заңды тұлға) немесе кәсіпорын.

И

Инвестиция – лизинг шартын жасаған кезден бастап лизинг заттарын, сондай-ақ оларға құқықтарды қоса алғанда, заңды тұлғаның жарғылық капиталына инвестор салатын мүліктің барлық түрлері (жеке тұтынуға арналған тауарлардан басқа) немесе кәсіпкерлік қызмет үшін пайдаланылатын тіркелген активтерді ұлғайту.

К

 Кері жалдаумен жүргізілетін сату операциясы – сатушының оны кейіннен кері жалдауға ала отырып активті сатуы.

 Корпоративтік табыс салығы – салықтардың ішіндегі ең күрделісі және салық сомасы жағынан ең ауқымдысы.

Корпоративтік табыс салығы бюджет түсімдерінің 27,2 пайызын құрайды. Салық кодексі  қабылданған кезеңге дейін салықтың бұл түрі заңды тұлғалардың табыстарынан алынатын табыс салығы деп аталды.

 Кейіннен атауы өзгеріп, қысқартылды да, халықаралық стандартқа сәйкес «корпора- тивтік табыс салығы» деп аталынды.

 Күрделі пайыздар – қайта инвестицияланған пайыздардан алынған пайыздар, яғни қарыз бойынша немесе қаржылық салым бойынша төленетін пайыз негізгі сомаға қосылады, нәтижесінде пайыздар негізгі сомаға да, алынған пайыздарға да төленеді. Қ Қарапайым аннуитеттің ағымдағы құны – болашақта төленуге тиістібіркелкі кезең сайынғы төлемдер қатарының ағымдағы құны. Қарапайым аннуитеттің болашақ құны (постнумерандо) – бұл негізгі сома (бастапқы инвестициялар) әр кезеңнің соңында (ай, тоқсан, жыл және т.с.с) салынып отырған жағдайда, болашақтағы уақытта жинақталатын сома.

Қаржы – ақша қаражатын, қаржы ресурстарын олардың жасалуы мен қозғалысы, бөлінісі мен қайта бөлінісі тұрғысынан алып қарайтын, сондай-ақ шаруашылық жүргізуші субьектілер арасындағы өзара есеп айырысуларға, ақша айналысына байланысты туындайтын экономикалық қатынастарды білдіретін қорытындылаушы экономикалық термин.

Қаржы лизингі – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес үш жылдан асатын мерзімге жасалған лизинг шарты бойынша мүлікті беру, егер ол мынадай талаптардың біріне жауап берсе: лизинг шартында мүліктің лизинг алушының меншігіне берілуі және (немесе) лизинг алушыға мүлікті тіркелген баға бойынша сатып алу құқығының берілуі белгіленсе; қаржы лизингінің мерзімі қаржы лизингі бойынша берілетін мүліктің пайдалы қызмет мерзімінің жетпіс бес пайы- зынан асып кетсе; қаржы лизингінің бүкіл мерзімі үшін лизингтік төлемдердің ағымдағы (дисконтталған) құны қаржы лизингі бойынша берілетін мүлік құнының тоқсан пайызынан асып кетсе.

 Қаржы ресурстары – мемлекеттің, кәсіпорындардың, бірлестіктердің, ұйымдардың қарамағындағы ақша қаражаты мен қорларының жиынтығы; қоғамдық жиынтық өнім мен ұлттық табысты қайта бөлу барысында құрылады.

Қаржы саясаты – экономикалық саясаттың құрамды бөлігі; мемлекет өз қызметтері мен міндеттерін жүзеге асыру үшін қаржы көздерін ұйымдастырады және оны пайдалану шараларының жиынтығы; 

қаржы ресурстарын жұмылдыру, оларды бөлу нысандары мен әдістерінде қаржы заңнамасында мемлекеттік кірістер мен шығыстар құрылымында көрініс табады.

Қаржылық жалдау – активті иеленумен байланысты барлық тәуекелдер мен сыйақылар жалға алушыға берілетін жалдау түрі.

Қаржылық құрал – бір уақытта бір ұйымда қаржылық актив және екінші ұйымда қаржылық міндеттеме немесе үлестік құрал пайда болатын кез келген келісімшарт.

Қаржылық құралдарды хеджирлеу – қаржылық құралдардың хеджирленген баптарының әділ құнының немесе ақша ағындарының өзгерістерін ішінара немесе толықтай өтеу үшін туынды немесе туынды емес қаржылық құралдарды қолдану.

Қаржылық құралдың амортизацияланған құны – жинақталған амортизация сомасына азайған немесе ұлғайған оның бастапқы құны, құнсыздануға немесе үмітсіз берешекке байланысты негізгі қарыз сомасын өтеуге төлемдерді немесе ішінара есептен шығаруды шегергендегі, бастапқы құн мен өтеу бағасы арасындағы айырмашылық.

Қаржылық қызмет көрсету – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес алынған лицензиялар негізінде жүзеге асырылатын сақтандыру нарығы, бағалы қағаздар нарығы, инвестициялық қорлар, жинақтаушы зейнетақы қорлары қатысушыларының қызметі, сондайақ банк қызметі.

Қаржылық лизинг – лизинг беруші меншігін, яғни лизинг пәнін, лизинг алушыға лизинг шартына сәйкес белгілі бір төлемақыға және белгілі бір талаптармен уақытша иеленуге және пайдалануға беруге міндет- тенетін инвестициялық қызмет түрі.

Қаржылық ұйым – қаржылық қызмет көрсету жөніндегі кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға. Қауымдасқан ұйым – инвестор елеулі ықпалы жасайтын, бірақ еншілес және бірлескен ұйым болып табылмайтын ұйым.

 Қарыздар бойынша шығындар – компания қарыз қаражатын алуға байланысты жұмсаған пайыздық және басқа шығыстар.

Қолданыстағы валюта – ұйым өз қызметін жүзеге асыратын негізгі экономикалық ортада пайдаланылатын валютасы.

Құнсызданудан болған шығын – бұл активтің баланстық құнының немесе қозғалысқа келтіретін бірліктің оның өтеу сомасынан асатын сомасы.

 Қызметкерлерге берілетін сыйақы – компанияның қызметкерлерге олар көрсеткен қызметтің орнына ұсынылатын сыйақылардың және төлемдердің барлық түрлері. 

Қызметкерлерге берілетін қысқа мерзімді сыйақылар – қызметкердің тиісті қызмет көрсеткен кезең ішінде кезең аяқталғаннан кейін толық көлемде 12 ай ішінде төленуге тиісті, қызметкерлерге берілетін сыйақы (шығу жәрдемақылары және үлестік құралдарға өтемақы төлемдерін қоспағанда).

Л

 Лизинг – мамандандырылған қаржы компанияларының делдалдық етуімен машиналар, жабдықтар, жылжымайтын мүліктер және негізгі капиталдың басқа да элементтерін сатып алуға қаржы бөлудің ерекше түрі.

Лизинг шарты бойынша сыйақы – осындай мүлік (лизинг нысанасы) алынған (берілген) құнды, лизинг алушы үшін лизинг беруші, өзара байланысты тарап болып табылмайтын тұлғаға төленетін төлемдерді қоспағанда, мүлікті (лизинг нысанасы) лизингке беруге байланысты барлық төлемдер. Лизингтік төлем – сыйақыны есептегенде лизинг шартында (келісімшарт) көзделген тауар құнының бір бөлігі. Л. деп танылмайды – жоғарыда көрсетілген шарттар сақталмаған жағдайда немесе олар бойынша лизинг шарты, осындай шарттар жасалған күннен бастап үш жыл өткенге дейін бұзылған (лизинг шарты бойынша міндеттеме- лер тоқтатылған) жағдайда лизингтік мәмілелер.

М

Мемлекеттік көмек – мемлекеттің белгілі бір өлшемдерге сәйкес ке- летін нақты компанияға немесе компаниялар тобына экономикалық тиімділіктер беруге бағытталған іс-қимылдары. Мемлекеттік субсидиялар – компанияның операциялық қызметіне жататын белгілі шарттарды өткен кезде және болашақта орындауға айырбас ретінде компанияға ресурстар беру түріндегі мемлекеттік көмек.

Мүдделерді біріктірі әдісі – екі немесе одан да көп тараптардың ерікті түрде келісімі бойынша қосылуын білдіреді.

Міндеттеме – орындалуы экономикалық пайдасы бар ресурстардың ұйымнан шығуына әкелетін өткен кезеңдер оқиғаларының нәтижесі ретінде пайда болған ұйымның ағымдағы міндеттемесі. Міндеттейтін оқиға – нәтижесінде ұйымда осы міндеттемені орындаудың нақты баламасы болмайтын заңды немесе енгізілген міндеттеме пай- да болатын оқиға.  

Н

Нарықтық құн − Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына сәйкес бағалаушы мен салық төлеуші арасындағы шарт бойынша жүргізілген бағалау туралы есепте айқындалған құн.

 Нарықтық тәуекел – қаржылық құралдармен байланысты, болашақ ақша ағындарының әділ құнына әсер ететін, нарықтық бағалардың өзгеру тәуекелі.

Негiзгi құралдар – қызмет ету мерзiмi бiр жылдан асатын материалдық активтер.

Негiзгi құралдардың бастапқы құны – оларды сатып алу, өндiру, салу, монтаждау және орнату жөнiндегi шығындар, сондайақ салық төлеушiнiң шегерiмге құқығы бар шығындардан басқа, олардың құнын арттыратын басқа да шығындар. Қатысушылар, құрылтайшылар негiзгi құралдарды жарғылық капиталға өздерiнiң салымы ретiнде енгiзген кезде Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына сәйкес айқындалатын құн осы құралдардың бастапқы құны болып табылады.

Несиелік тәуекел – басқа тарапты қаржылық шығынға әкелетін, қаржылық құрал бойынша міндеттемелерді орындамау тәуекелі.

О

Операциялық қызмет – компанияның кіріс әкелетiн негiзгi қызметi және инвестициялық және қаржы қызметінен өзгеше, басқа да қызметi.

Ө

 Өзара байланысты келісімшарттар (шарт) − бір мезгілде мынадай талаптарға сай келетін: мұндай келісімшарттар (шарт) бойынша бейрезидент немесе оның өзара байланысты тарапы қандай да бір салық агентіне немесе оның өзара байланысты тарапына бірдей немесе біртектес қызметтер (жұмыс) көрсететін (орындайтын); бір келісімшарт (шарт) бойынша қызметтер көрсету (жұмыс орындау) аяқталған күн мен басқа келісімшарт (шарт) жасалған күн арасындағы уақыт кезеңі келесі он екі айдан аспайтын келісімшарттар (шарт).

Өзара байланысты тарап – өзара байланыстылығы Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу туралы заңнамасына сәйкес айқындалатын жеке немесе заңды тұлға.

Өзіндік құн бойынша есепке алу әдісі – бұл инвестициялар өзіндік құны бойынша тіркелгенде есепке алу әдісі.

Өткізу – сату, айырбастау, өтеусіз беру мақсатында тауарларды не өзге де мүлікті тиеп жіберу және беру, жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету, сондайақ кепілге салынған тауарларды кепіл ұстаушыға беру. 

Өтімділік тәуекелі – қаржылық міндеттемелерді орындау бойынша мүмкін мәселелермен байланысты.

П

Пайдалы қызмет мерзімі – ұйым активті пайдалануды көздейтін уақыт кезеңі; өндіріс бірліктерінің немесе ұйым активті пайдаланудан алуды күтетін сол сияқты бірліктердің саны.

Пайдалану құндылығы – бұл активтен немесе қозғалысқа келтіретін бірліктен алынуы күтілетін ақшалай қаражаттардың болашақ ағындарының дисконтталған құны.

Пайыздық тәуекел – болашақ ақша ағындарының әділ құнына әсер етуі мүмкін, пайыздардың нарықтық мөлшерлемелерінің өзгеру тәуекелі.

Пренумерандо аннуитеті (жедел аннуитет) – төлемдер интервалдар басында жүзеге асырылады. Постнумерандо аннуитеті (қарапайым аннуитет) – ең кең тараған түрі, төлемдер интервалдар соңында жүзеге асырылады.

Р

Резервтік қор – заңды тұлғалардың белгілі бір мақсатқа арналған ақша қаражаты немесе материалдық құндылықтарды сақтауы үшін ашқан сақтық қоры.

Ретроспекция – жаңа есеп саясатын өткен кезеңдердің салыстырмалы ақпаратында көрініс тапқан операциялар мен оқиғаларға қаншалықты бұл тәжірибелік жағынан мүмкін болса, соншалықты уақыт ішінде артқа қарай алыс қолдану.

Ретроспективтік қолдану – бұл жаңа есеп саясатын осы саясатты үнемі қолданылатындай түрде қолдану.

С

Салық базасы – салық салу объектісінің құн, табиғи немесе өзге де сипаттамаларын білдіреді, олардың негізінде салықтың және бюджетке төленуге жататын басқа да міндетті төлемдердің сомасы айқындалады.

 Салық жылы – күнтiзбелiк жыл.

 Салық салынатын табыс – жылдық жиынтық табыс және түзетулер ескерілген шегерімдер арасындағы айырма.

Салықтар – Салық кодексінде көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекет біржақты тәртіппен заң жүзінде белгілеген, белгілі бір мөлшерде жүргізілетін, қайтарымсыз және өтеусіз сипатта болатын, бюджетке төленетін міндетті ақшалай төлемдер. 

Сатуға жұмсалған шығындар шегерілген әділ құн – бұл жақсы хабардар, осындай мәміле жасағысы келетін және бір-біріне тәуелді емес тараптардың арасында мәміле жасалған кезде, есептен шығару шығындары шегеріліп, активті немесе қозғалысқа келтіретін бірліктерді сату жолымен алуға болатын сома.

 Сатып алушы – бақылауға ие болатын бизнесті біріктірудегі тараптардың бірі.

Т

Табыс – ұлттық табысты бөлу барысында мемлекетке, кәсіпорынға, мекемеге немесе жеке тұлғаға түсетін ақшалай немесе материалдық ре- сурстар.

 Табысты төлеу − қолмақол және қолмақол емес түрде ақшаны, бағалы қағаздарды, қатысу үлесін, тауарларды, мүлікті беру, жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету, Қазақстан Республикасындағы көздерден табыстарды төлеу бойынша бейрезиденттің алдындағы берешекті өтеу есебінен жүргізілетін борышты талап етуді есептен шығару немесе есебіне жатқызу. Т.т. − Салық кодексіне және Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу туралы заңнамасына сәйкес салық салу объектілерін түзету кезінде пайда болатын дивидендтерге салық салу кезінде, табысты айқындау. Бұл кезде, корпоративтік табыс салығы бойынша декларацияны есептік салық кезеңінен кейінгі жылдың 31 наурызынан кешіктірмей табыс ету − табысты төлеу күні болып табылады.

 Таза табыс – есептелген корпоративтік табыс салығының сомасы алып тасталған, азайтылған табыстар мен шығыстар сомасына, сондай-ақ ауыстырылатын залалдар сомасына азайтылған салық салынатын табыс.

Тәуекел – салық төлеушінің (салық агентінің) мемлекетке нұқсан келтіретін немесе нұқсан келтіруі мүмкін салық міндеттемесін орында- мау немесе толық орындамау ықтималдығы. Туынды қаржылық құрал – құны пайыздық мөлшерлеменің, тауар бағасының немесе бағалы қағаздар бағамының, валюта бағамының, баға индекстерінің, рейтинг немесе басқа да базистік айнымалының өзгерісінен өзгеретін;сатып алу кезінде, нарық өзгерістеріне ұқсас жауап қайтаратын басқа қаржылық құралдарға қарағанда, аз инвестицияларды талап ететін;ол бойынша есеп айырысу алдағы уақытта күтілетін қаржылық құрал. 

Тұрақты айырмашылық – есепті кезеңдегі салық салынатын пайда мен есептік пайда арасындағы айырмашылық, ағымдағы есепті кезеңде пайда болады және келесі кезеңдерде өтелмейді.

 Түзету – есепті салық кезеңіндегі табыстың немесе шегерімнің мөлшерін бұрын танылған табыстың немесе шегерімнің сомасы шегінде ұлғайту немесе азайту.

Ұ

Ұзақ мерзімді келісімшарт – келісімшарт бойынша көзделген өндіру, орнату, құрылыс басталған салық кезеңі шегінде аяқталмаған өндіруге, орнатуға, құрылысқа арналған келісімшарт (шарт).

Ү

Үлестік қатысу бойынша есепке алу әдісі – оған сәйкес инвестициялар бастапқыда өзіндік құны бойынша ескеріледі де, ал содан соң инвестиция алушының таза активтеріндегі инвестор үлесі алынғаннан кейін болған өзгерісіне түзетілетін бухгалтерлік есепке алу әдісі.

Үлестік құрал – ұйымның барлық міндеттемелерін шегергеннен кейінгі активтер құнының бөлігін білдіретін ұйым капиталындағы үлес құқығын растайтын, кезкелген келісімшарт

Х

Хеджирлеу – бағаның, валюта бағамының, пайыздық мөлшерлеменің қолайсыз өзгеруі немесе хеджирлеу объектісінің өзге де көрсеткішінің қолайсыз өзгеруі нәтижесінде ықтимал залалдарды азайту мақсатында туынды қаржы құралдарымен жасалатын және халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес салық төлеушінің бухгалтерлік есепке алуында хеджирлеу құралдары болып танылған операциялар.

Х. объектілері – активтер және міндеттемелер, сондай-ақ көрсетілген активтерге немесе мін деттемелерге немесе күтіліп отырған мәмілелерге байланысты ақша қаражатының ағындары. І Іскерлік бедел (гудвилл) – басқа активтерден немесе активтер тобынан бөлек бірегейлендіруге және тануға жатпайтын активтерге байланысты туындайтын, болашақ экономикалық пайдалар.  І

Ш

Шаруашылық сараланымы – бұл жекелеген тауарлар өндiрумен (қызметтер көрсетумен) компанияның немесе компанияның басқа сараланымдарына қарағанда өзгеше тәуекелдерге ұшырайтын және пайдалар алатын өнімдерге немесе қызмет көрсетулерге байланысты топтың айрықша құрамдас элементі.

Шегерiм – салық төлеушiнiң жылдық жиынтық табыс алуымен байланысты жұмсаған шығыстары. Ш.-нің түрлері: қызметтік іссапарлар кезінде өтемақылар сомасының шегерімі; өкілдік шығыстар сомасының шегерімі; сыйақы бойынша шегерім; төленген күмәнді міндеттемелер бойынша шегерім; күмәнді талаптар бойынша шегерім; сақтандыру, қайта сақтандыру ұйымының шегерімі; резервтік қорларға аударымдар бойынша шегерім; қайта сақтандыру активтерін азайту бойынша шегерім; кен орындарын әзірлеу салдарын жоюға арналған шығыстар бойынша шегерім және салдарды жою қорларына аударымдар сомасының шегерімі; ғылыми-зерттеу және ғылыми- техникалық жұмыстарға арналған шығыстар бойынша шегерім; кепілдік беру жүйелеріне қатысушылардың сақтандыру сыйлықақылары мен жарналары бойынша шығыстарды шегеру; қызметкерлердің есепке жазылған табыстары және жеке тұлғаларға өзге төлемдер бойынша шығыстарды шегеру; табиғи ресурстарды геологиялық зерттеуге және оларды өндіруге дайындық жұмыстарына арналған шығыстар бойынша шегерім және жер қойнауын пайдаланушының басқа да шегерімі; коммерциялық табудан кейін өндіру басталған соң жерасты ұңғымалық сілтілеу әдісімен уранды өндіруге дайындық жұмыстарына арналған шығыстар бойынша шегерім; жер қойнауын пайдаланушының қазақстандық кадрларды оқытуға және өңірлердің әлеуметтік саласын дамытуға арналған шығыстары бойынша шегерім; теріс бағамдық айырма сомасының оң бағамдық айырма сомасынан асып кетуін шегеру; салықтың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің шегерімі.

Шетелдік валюта – ұйымның қолданыстағы валютасынан өзгеше валюта.

Шетелдік қызмет – өз қызметі есеп беруші ұйым елінен немесе валютасынан өзгеше елде немесе валютада орналасқан немесе жүзеге асатын есеп беруші ұйымның еншілес, қауымдасқан, бірлескен ұйымы немесе филиалы болып табылатын ұйым